Асыл арман: Алматыда Ескендір Хасанғалиевті еске алу кеші өтті

10.02.2023

Кеште композитордың 20-ға жуық ән, романс және хор шығармасы орындалды.

 

Хасанғалиевтің шығармашылығына арналған «Асыл арман» атты еске алу кеші өтті. Кештің басты ерекшелігі даңқты композитордың 20-ға жуық ән, романс және хор шығармасын театрдың әртістері орындап шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 

«Ескірмеген махаббат» деп ел есінде еңселі бейнесі сақталған дарынды тұлғаны еске алуға келген елдің қарасы қалың болды. Атамекенін әніне қосып, маңдайынан ескен самалды халқының алақаны деп білген біртуар сазгердің әрбір әнін жұрт емірене тыңдап отырды.

«Ескендір ағамыздың туындысының ерекшелігі – кез келген әнін классикалық үлгімен орындай беруге болады. «Ескендір ағамыздың әні тек эстрадаға арналған» деп ойлауы мүмкін. Негізінде олай емес. Қазақ барда Ескендір ағамыздың аты өшпейтініне мен кәміл сенемін», – деді Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры Нұрбақыт Бөкебаев.

Кеште XX ғасырдың соңында өнерге лирикалық леп берген есті әндер де орындалды. Асқан жауапкершілікті талап ететін күрделі шығармаларды ұйымдастырушылар біраз уақыттан бері шыңдаған екен. Ондағы мақсат – сазгердің туындыларын өскелең ұрпаққа сіңіру.

«Консерваторияда, Астанадағы музыкалық академияда емтиханда, акадамиялық концертте Ескендір ағамыздың романстарын қосып жүр. Мемлекеттік экзаменде де Ескендір ағамыздың әндері орындалып жүр», – деді Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының әншісі Болат Бөкенов.

«Кешті Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры ұйымдастырып отыр. Ескендір Хасанғалиевтің бұрын естілмеген ән, романстары орындалды. «Атамекен» әнімен аяқталады екен, сол финалда опералық әншілерді сүйемелдеп, роялда орындайтын боламын», – деді Е. Хасанғалиевтың ұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиев.

Ұлтының жанын тербетіп, сезімін оятқан атақты композитор қазақ, орыс, татар, неміс ақындарының өлеңіне көптеген ән жазғаны белгілі. Осындай ер есімі жыл өткен сайын ел есінде жатталып, мәңгілік өмір сүрері шүбәсіз.

 

Әлібек Шынтемір, Медет Самат, «Алматы» телеарнасы

 

Источник: AlmatyTV