Рамазан Баповтың туғанына 75 жыл

16.11.2022

    Абай атындағы Ұлттық опера жəне балет театрының сахнасында КСРО Халық əртісі, балетмейстер, педагог, хореограф, əлемдік балет өнерінің шебері РАМАЗАН БАПОВТЫҢ туғанына 75 жыл толуына орай Арам Хачатурянның 3 актілі «СПАРТАК» балеті қойылды.

   Рамазан Бапов - Мəскеу хореографиялық училищесінің (Қазіргі Мəскеу мемлекеттік хореография академиясы) түлегі, Қазақстаннан келген талантты студент педагог А.М. Руденко сыныбында білім алып, 1966 жылы МХУ- ін үздік дипломмен аяқтаған.

   Рамазан Бапов – 1968 жылы Болгарияның Варна қаласында өткен Халықаралық балет əртістері байқауының дипломанты жəне 1974 жылғы күміс жүлдегері атанған. Үлкен театрдың балет труппасында өнер көрсетуден бас тартқан ол Алматыға оралып, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера жəне балет театрына солисі болып орналасады.

   Рамазан Бапов Ресей, Дания, Швеция, Финляндия, Сирия, Иордания, Үндістан, Шри-Ланка, Малайзия, Сингапур т.б. көптеген елдерде гастрольдік сапармен барған. ХХ ғасырдың 70-жылдарында ол Қазақ ұлттық хореографиясының ең жарқын жəне талантты балет артисі ретінде танымал болды. Сахнаға əр шыққан сайын балет өнеріндегі кəсіби деңгейін, жоғары шеберлігін, музыкалық қабілетін, өлшем мен талғамының биіктігін көрсетті.

   Абай атындағы Қазақ ұлттық опера жəне балет театрында А. Хачатурянның «Спартак» балетіндегі, П.И. Чайковскийдің "Аққу көлі" балетіндегі - Зигфрид, А. Аданның "Жизель" балетіндегі - Альберт, Л. Минкустың "Дон Кихотында" - Базиль, Е. Брусиловскийдің "Қозы Көрпеш пен Баян Сұлуында" - Қозы, М. Сағатовтың "Əлиясында" - Жас жігіт, Д. Шостаковичтің музыкасына жазылған "Жас ханым мен бұзақыдағы" - Бұзақы, Т. Мыңбаевтың "Фрескаларында" – Ишпактың партияларын сомдады. Гастрольдік сапар барысында ол Үлкен театр сахнасында көп өнер көрсетті.

   Сахна саңлағы Рамазан Баповтың аты күллі жұртқа мәлім. Балет өнеріне үлкен жаңалық әкелген хас талант иесінің өзіндік келбеті мен шеберлігін әлемнің көптеген өнер иелері көзінің тірісінде-ақ мойындаған еді. Өнер жолы мен ұстаздық қызметін қатар жүргізіп, талай шәкірт тәрбиелеген ұлы ұстаз аты еш ұмытылмас.

   Мерейтой аясында Абай атындағы Ұлттық опера жəне балет театрының ғимаратында Рамазан Бапов жəне Халық əртісі Заурбек Райбаевтың атындағы заманауи үрдісте жасалынған балет залдарының салтанатты ашылу рəсімі өтті.

 

   Сонымен қатар, Қазақстан хореографтар одағы, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера жəне балет театры мен Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесімен алғашқы бірлескен іс-шарасының бағдарламасы көрнекті балет əртісі, Мəскеу мемлекеттік хореография академиясының түлегі, аты аңызға айналған Рамазан Баповтың туғанына 75 жыл толуына орай, Мəскеу мемлекеттік хореография академиясының түлегі болған өнер ордасымен, ғылыми - зерттеу бөлімінің қатысуымен ғылыми-зерттеу конференциясы өткізілді.

 

Дайындаған

Ғазиза Ұзақ

Фотосурет авторы: Вера Останкова