Алматыда Бақыт Әшімованың 85 жылдығына орай "Қыз Жібек" операсы қойылды

13.01.2023
Алматыда 12 қаңтарда Қазақ КСР халық әртісі Бақыт Әшімованың туғанына 85 жыл толуына орай Евгений Брусиловскийдің төрт актілі "Қыз Жібек" операсы қойылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бақыт Əшімова Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында көп жыл еңбек етіп, операларда меццо-сопранолық рөлдерді нәзік лирикалық иірімдермен байытты, ал зейнеткерлікке шыққаннан кейін театрдың опера труппасының педагог-репетиторы болып қызмет атқарған.

Бүгін өзі қызмет еткен ұжым сахнасында оның құрметіне орай "Қыз Жібек" операсы қойылды. Марқұм әртіс өзі дәл осы операда Дүрияны, Қамқаны орындаған. Зал лық толды. Билеттер түгел сатылған.

Ол сонымен бірге Қарлығаш, Люба (А. Жұбанов пен Л. Хамидидің "Абайы" мен "Төлеген Тоқтаровында"), Аналық (М. Төлебаевтың "Біржан-Сарасында"), Тоғызақ (Н. Жигановтың "Алтыншашында"), Ларина (П. Чайковскийдің "Евгений Онегинінде"), Сузуки (Дж. Пуччинидің "Чио-чио-санында"), Шəмсия (З. Исмагиловтың "Құдашасында") рөлдері Əшімова сомдауында мүлде жаңа қырынан ашылды.

Ол Нұрсұлу, Ана (С. Мұхамеджановтың "Айсұлуы" мен "Жұмбақ қызында"), Балым (Е. Рахмадиевтің "Қамар сұлуында"), Алқа (Ғ. Жұбанованың "Құрманғазысында") партияларын сахнада тұңғыш рет орындады. Əшімова өнерінің екінші қыры — камералық əншілігі. Ол Н. Тілендиевтің "Куə бол", "Махаббат мұңы", "Күндер-ай", "Жүрегім менің", "Саржайлау", "Сөнбейді, əже, шырағың" жəне Рахмадиевтің "Бала ғашық", "Сағындым еркем", "Күзде" əндерін алғаш рет орындап, қалың жұртшылықтың ықыласына бөленді.

Бақыт Əшімованың шəкірттері Қазақстан қалаларында ғана емес, шет елдерде де жемісті еңбек етіп, өнер көрсетіп жүр. Оның көпшілікті сүйсіндірген əсем дауысы, табиғи шеберлігі классикалық жəне халықтық музыканы сүйетін көрермендерінің жүрегінде мəңгі қалады.

Бақыт Әшімова 2012 жылы қайтыс болды.

 

Автор: Мейірман Лес

Cурет: Абай атындағы ҚҰОБ театрының баспасөз қызметі

 

Источник: zakon.kz