Дирижерлік – дара өнер

Концерт залдарының ауыр шымылдығы ашыла сала құлағын тігіп, қадала қараған мың-сан көздің өтінде отырған оркестр жым-жырт қалпы әлденені, әлдекімді күтеді.
Қапталдан қара фрак киген маэстро дирижер көрінгенде, ішкі мазасыздығын, жүрек толқуын, шабытын мүлгіген кейіпке жасырған музыканттар да дүр сілкініп, күткені осы адам екенін көрсетіп, аспабын қолға алады. Мың рет шертіп қолы әбден жаттыққан, музыкалық аспаптың құлағында ойнайтын хас шеберлердің бір көзі нотада болса, бір көзі дирижерде, көзін аударса, құйқылжыған күй ырғағынан жаңылып қалатындай, жіңішке жылтыр таяққа қарап неге сонша табынатынын түсінбей, қарапайым жұрттың көбі қайран қалып жатады.
Қатардағы көрермендердің ішінде «Осыны да мамандық деп... Қолды оңды-солды сермей бергеннен оңай не бар, сол да сөз болып па?» деген сұрақты өзіне бір мәрте қойып көрмегені кемде-кем. Алайда көп ұзамай ащы тері алынған сайын бауыры жазылып шабатын тұлпар сияқты, дирижердің қос қолы ауаны тынымсыз осқылаған сайын оркестрдегілердің дауыл тұрғызатындай шабыттана ойнай түсетініне қарап бұларды жетелеп, орнымен, орайымен ойнатып, дем беріп тұрған дәл осы адам екенін там-тұм түсінігімен тани бастайды.
Мәдени шарасы мол Алматыдағы көл-көсір концерттердің бәрінде сахнаға сиқырлы таяқшасын ұстап, баппен басып келе жататын Ерболатты көрген сайын дирижер жайлы осылай бір толғанып қою дағдыға айналыпты. Әсерлі кештердің әрін кіргізіп, көңіл хошын самғатқан салтанатты жиындардан жас дирижердің шабытты өнерін тамашалай жүріп, осы бір жұмбақ кәсіптің сырт адамдар үшін белгісіз сырына бойлай түскендей боламыз. Ерболаттың мамандығы мыңның біріне таңдап барып қонатын сирек өнердің түрінен саналады. Кәсіби қасиеттің оқумен қонатыны өз алдына, ең алдымен туабітті табиғи таза дарын болуың керек. Ал Ерболаттың бұл өнерді бала күнінен жүйелі оқып меңгеруімен бірге, әйгілі әкенің қанымен екінші буында жалғастырып отырғанын ескерсек, дирижерлікті династиямен сабақтастырып келе жатқан атақты Мравинский, Рождественский, Гергиевтер секілді, ұлттық музыка өнеріміздегі әкелі-балалардың біз мақтан тұтатын буынаралық бірегейліктің басы болғай деген үмітімізді де оятып отыр.
Ерболат Ахмедияров – ұлт композиторларының шығармаларын, әлемнің рухани және мәдени құндылығына айналған ұлы композиторлардың туындыларын сахнада сәтті орындап жүрген Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрының дирижері. Израиль елінің Ашдод симфониялық оркестрінде, Түркияның мемлекеттік президенттік оркестрінде, «Астана опера» ұжымында жұмыс істеп, кәсіби қарымын ұштап, тәжірибе жинап үлгерген білікті өнер иесі. Қазақтың күй өнерін бүгінгі күнге ұлағаттаған, алтын тамыры арғы дүниетаныммен біте қайнасып, кеудесіне күйдің пірі қонақтап, саусағынан саз сорғалаған даңқты дирижер Қаршығаның ұлы. «Домбыра тартқан бала ешқашан тамырынан ажырамайды» дейтін сөз рас болса керек. Әке жолын қуған дирижерге музыкалық тәрбие талбесіктен сіңірілді. Бесіктен белі кеше ғана шыққанына қарамай, үш жасқа толар-толмас баласын қарсысына қаздитып отырғызып қойып, домбыраның әліпбиін әкесінің өзі үйретіпті. Домбыра – тілді, ділді, дәстүрді ғана емес, күллі қазақы мінез-қасиетті бойына жасырған көмбе іспеттес. Сондықтан болар, қалада туып, классикалық өнердің жалынан ұстап, көп жылдары шетелде өтсе де, Ерболаттың қазақшасы су төгілмес жорғадай тайпалып тұр. Бес жасынан бастап К.Байсейітова атындағы музыка мектебінің фортепиано сыныбына барды. Ал оныншы сыныпта бұлардың мектебіне белгілі дирижер Төлепберген Әбдірашев сабақ беруге келгенде, «дирижер боламын» деген ойына біржола беки түсті. Мектепті екі мамандық бойынша бітіріп, консерваторияға жолдама алған Ерболат жоғары оқу орнында да Төлепберген ағасының сыныбында білімін жалғастырды.
Әкелі-балалы дирижерлердің бағыты екі бөлек: бірі ұлттық оркестр дирижері болса, бірі классикалық-симфониялық оркестр дирижері. Ерболат өнерін симфониялық оркестрден бастап, ары қарай операда жалғастырып келеді. Құрманғазы оркестрі мен «Отырар сазында» да жұмыс істеп, талай шетелге гастрольдік сапарларға шықты. Ерболат – әмбебап дирижер. Алғашында ақылын айтып, ой бөлісіп қана жүретін Қаршыға әкесі кейін ұлының концерттеріне, спектакльдеріне келіп, соңынан терезесі тең әріптесі секілді сырласатын болды. Сыртқа білдірмегенімен, баласы атқа шапқан барлық әкелердің күйін кешіп, ұлы сахнаға шыққан сайын демін ішінен алып, мүлт кетпеуін тілеп, баласының өнеріне биік өре тұрғысынан бағасын беріп жүрді.
Ерболат «оркестр деген – адам ағзасы сияқты тұтас. Жүрек адамды тіршілік нәрімен, ауамен қамтамасыз етсе, ми оған жетекшілік жасайды. Оркестрде топ-топ аспаптар бар. Бәрінің басын біріктіру, бірге екпін алып, бірге ойнау өз алдына, дирижердің рөлі – ми орталығын басқару. Дирижер тілмен айта алмайды. Жеткізгісі келгенін бет-әлпетімен, қасымен, көзімен, иегімен, қол сермеуімен, жалпы мінезімен береді. Қол сермеуде бәрі бар: жылдамдық та бар, көңіл күй де, ырғақ та бар. Әуенді дұрыс қалпына келтіріп орындату да дирижер міндеті. Оркестрде отырған шекті аспаптар, үрмелі, ұрмалы аспаптарды бірге ойнатуда дирижердің біліктілігі жоғары болуы тиіс. Әр дирижердің «қолының тынысы» деген болады. Үрмелі аспап та әншілер сияқты тыныс алады да, аспаптарына ауаны үрген кезде дыбыс кештеу шығады. Сондықтан дирижер таяқшасы үрмелі аспаптарға сәл ертелеу бағытталып жатады. Оны байқайтын да, мүлде байқамайтын да адам бар», дейді.
Ерболат кейде дирижер таяғымен, кейде таяқсыз шығып келе жатады. Осының мәнісін сұрадық. Сөйткенде, таяқ – дирижердің «ұзарған қолы» көрінеді. Қолды ұзарту үшін, музыканттардың бәріне көріну үшін таяқ ұстауға тура келеді. Дегенмен, қалай шықса да, әр дирижердің өз қалауы. «Валерий Гергиев дейтін әйгілі дирижердің сахнаға тіс шұқығышпен шығатынын білесіз бе? Бұл мәдениетсіздік емес. Оның да өз мәні бар. Ол бүкіл музыканттардың назарын тіс шұқығышқа аударып, жұдырығына түйіп алып, тас-түйін уысында ұстап алып ойнайды», дейді күліп.
Әр композитордың шығармасы әртүрлі кезеңде жазылады. Ол неге арналды, не мақсатпен жазылды, қандай мұрат арқалады? Дирижер осы сұрақтың әрқайсына бойлай алуы, әр туындының тарихын толығымен білуі тиіс. Оркестрде отырған әр аспаптың орындаушысына осының бәрін түсіндіріп, ой қалыптастырып беру де дирижердің міндеті. Шығарманың қай тұсында «қауіпті жері» бар, әнші қай жерде «шашылып» қалуы мүмкін, осының бәрін реттейтін дирижер. Опера әншісінің ең жақсы қасиетін, талантын жарқыратып көрсететін де, мәпелеп, майын тамыза тамылжыта орындататын да, ашуына тисе, сол жерге «көміп» тастайтын да маэстро дирижер мырза.
Дирижерлердің бір-біріне ұқсамайтынын, шеберлігінің даралыққа негізделетінін 2019 жылы өткен Aimaty Conducting Competition Халықаралық дирижерлер байқауы ашық көрсетті. Ерболат осы Халықаралық байқаудың лауреаты атанды. Белгілі бір композитордың шығармасын әр дирижердің әртүрлі сезінетінін осы конкурс байқатты. Бір дирижер өте сырбаз әрі салмақты. Екіншісі көңілді, ойнақы. Енді бірі қолындағы таяғын жұлқынып тұрып сермеген сайын екі ұрты дірілдеп, бетінің бұлшық етіне дейін селкілдеп кетеді. Мұндай сәттерде көз алдымызға оркестрді эмоциямен басқаратын біртуар Нұрғиса Тілендиев ағамыздың ешкімге ұқсамайтын ұлылығы елестеп, бір жымиып қойдық. Бұл сірә, дирижердің мінезіне, туындыны тыңдарманның жүрегіне жеткізудегі жеке тәсіліне, кәсібіне берілгендігіне, мамандығына айырықша мән беретіндігіне байланысты болса керек. Кімнің кім екені көптің арасынан суырылып шыққанда ғана байқалады. Осы байқауда қазақ елінің атынан шыққан Ерболаттың өнері мәнерлі, маңғаздығымен, биік мәдениетімен ерекшеленетінін көріп мақтанып қалдық. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атақты да Ерболат классикалық өнерді өркендету жолында сіңірген еңбегі үшін иеленді.
Сауаты төмен болғанымен, сұлу сазды жүрегімен сіміретіндер ішкі түйсігі арқылы оркестр – кеме болса, дирижер – кемені басқаратын капитан екенін бәрібір сезіп отырады. Сілтідей тынып отырған залдың тыныштығын сілтеп қалған таяқшасымен бұзатын Ерболат Ахмедияров қай кезде де дамылсыз саулаған музыка үнінің ғажайып әлемін өзімен, музыканттарымен бірге аралата жөнеледі. Тамылжыған әуеннің құшағында тербеліп отырып, дирижер болмаса, мынау сан түрлі аспаптан жамыраған саз өзара үйлесім құрмақ түгілі, ауа жайылып, мағынасыз даңғырлаққа айналып кетерін біржола түсініп, ең соңында дарынмен біте қайнасқан өнер мен өреге ұлы мәртебелі көрермен тік тұрып қол соғып кетеді.
Материал: Egemen.kz
Автор: Айгүл Аханбайқызы