Опера театры оюмен өрнектелді

15.11.2021

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры – шығармашылық ұжымы ауқымды.

 

Бірнеше буындағы өнер шеберлерінің қалың шоғырын қалыптастырған, Қазақстанның музыкалық орындаушылық өнерінің әлемдік мәдениетке қосқан бірегей үлесін көрсететін түрлі кезеңдердегі, бағыттардағы стиль мен жанрларының үйлесімінен тұратын, ұлттық және әлемдік опера мен балет туындылары репертуарынан берік орын алған дәстүрге бай Қазақстанның жетекші театры. 1934 жылы негізі қаланған театр тарихы елдің атын төрткүл дүниемен таныстырған өнер корифейлерінің, белгілі сахна майталмандарының есімімен тығыз байланысты өркендеп келеді.

 

Осыдан 80 жыл бұрын, 1941 жылдың қара­шасында театр жаңа ғимаратқа қол жеткізді. Бүгінде шаһардың ең көрікті ауданында асқақ­тап тұрған өнер ошағы Алматыдағы біре­гей сәулет ескерткіштерінің тобына кіреді. Еуропа архитектурасы үлгісінде салынған клас­си­калық өнер ошағы көптің көңіл төрінде ең ал­дымен осы еңселі ғимаратымен қонақтап қал­ған. Опера мен балет өнерінің қалыптасып, қанат жаюына байланысты театр дамуының әртүрлі кезеңдерінде оның айдентикасы да өзгеріп отырды. Замана өзгерісіне орай әртүр­лі айдентиканы уақыт рухына сәйкес келетін бірыңғай стильге бағындыру және оның бел­гісінде театрдың бай мұрасын көрсету мәсе­лесінің ­туындауы – қалыпты заңдылық.

«Абай атындағы Қазақ ұлттық опера жә­не балет театры – алғашқы қазақ опералары мен балеттерінің бесігі, әртістердің, ком­по­зиторлардың, дирижерлердің, суретшілер мен режиссерлердің альмаматері болып табылатын Қазақстанның кәсіби музыкалық өнерінің нағыз символы. Алғаш ХХ ғасырдың 30-жылдары музыкалық студия ретінде пайда болған Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры биыл 88-маусымы­ның шымылдығын түрді. Театр біртіндеп жүз­жыл­дық мерейтойына қарай қадам басып келе­ді. 1941 жылы театр өзінің жеке ғимаратын ал­ғаннан кейін өнер ордасы үшін маңызды саналатын «академиялық» мәртебеге ие болды. Бүгін, 80 жылдан кейін Абай атындағы ҚазҰОБТ өзінің тарихи ғимаратында жаңа «Ұлттық» мәртебесін иеленді. Өмір бір орында тұр­майды, біз белсенді түрде алға жылжи береміз және уақытқа сай дамып отыруды мұ­рат тұтамыз», – дейді театр директоры міндетін атқарушы Таир Қаратаев.

 

2021 жылы Қазақстан Республикасы Үкі­метінің қаулысымен театр Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры болып қайта аталды. Театр өміріндегі бұл маңызды оқиға визуалды стильді өзгертуге түрткі болды, енді еліміздің бас театрында ғимараттың бірегей сәулетін баса көрсету арқылы тарихқа тұспал жасаған жаңа заманауи логотип пайда болды. Өнердегі осы елеулі оқиғаға орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахмардан Әбілов, балет труппасының жетек­шісі Гүлжан Түткібаева театрдың өткен күнінен қызықты сыр шертіп, тарихты жаңаша безбендеген логотип үшін жүрекжарды қуа­нышын білдірді.

Логотип қызыл және қара түстен тұрады. Себебі театр тарихына көз жүгіртсек, алпыс, жетпіс жыл бұрынғы спектакль афишалары осы екі түсте ғана дайындалатын. Ал ABAY деген жазу ұлы шайырдың алғашқы өлеңдері басылып шыққан баспаның арабша стильдегі ирек қарпінің үлгісімен үйлестіре таңдалған. Театрдың ұлттық маңызы ескеріле отырып, жаңа логотип өзегінен ескі тарихқа құрмет осындай ізденістермен байытылып, көрініс табады. «Жұмыс бір жарым жылға созылды: біз мұрағат материалдарын тынымсыз зерделедік, көптеген ескі афиша мен жазбаны ақтардық, дизайнерлеріміз ғимараттың сәулетін кірпішіне дейін зерттеп, театрдың әр бұрышын суретке түсірдік», дейді өз жұмысының қыр-сырымен таныс­тырған SEED агенттігінің креативті дирек­торы Наиль Муратов. Сонымен қатар тағы бір мін­дет ғимараттың бірегейлігі мен сұлу­лығын, оның ұлттық ерекшеліктерін жеткізу болды – театр жиі гастрольге шығады, сон­дықтан логотипті шетелдік қауымның қабыл­дауына сәйкестендіру маңызды болды. Сөй­тіп ғимараттың сыртқы ғана емес, соны­мен қатар ішкі сәулеттік бөлшектерінен ша­быт алатын әдемі шешім табылды. Ғима­рат­тың ішкі ерекшеліктері саусақ іздері сияқ­ты, әр деталі шебердің қайталанбайтын қолтаң­ба­­сымен көмкерілгені белгілі болды. Дәл осы архи­тектуралық ерекшеліктер қолдан жазылған леттерингке негіз етіп алынды. Логотиптегі әр әріп театрдың сызбасын жет­кізеді. Негізгі графикалық элемент – бұл театр­дың ішкі және сыртқы дизайнында жиі қай­таланатын ою элементі.

 

Материал: Egemen Qazaqstan

Авторы: Айгүл Аханбайқызы