Әлемдік балет өнерінің шебері Рамазан Бапов атындағы балет залы ашылды

16.11.2022

Абай атындағы Ұлттық опера жəне балет театрында халық әртісі Рамазан Бапов атындағы балет залы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан хореографтар одағы, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера жəне балет театры мен Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі бірлесе КСРО Халық əртісі, балетмейстер, Мəскеу мемлекеттік хореография академиясының түлегі, педагог, хореограф, əлемдік балет өнерінің шебері аты аңызға айналған Рамазан Баповтың туғанына 75 жыл толуына орай конференция өткізді.

Рамазан Бапов 1947 жылы 16 тамызда Алматыда қарапайым отбасыда дүниеге келді. Әкесі Салық – теміржолшы, ал анасы Әсия – бастауыш сынып мұғалімі. Оның отбасында барлығы мәдениет пен өнер десе ішкен асын жерге қоятын. Рамазанның Марат және Мұрат атты екі ағасы 1954 жылы Алматы хореографиялық училищесін аяқтады. Соған орай ата-анасы қонақтар шақырып, той жасайды. Оқытушы Александр Селезнев те қонақ болады. Сол кезде жеті жасар Рамазан балетке қатысқысы келетінін айтады. Оқытушы оған 9 жастан асқан соң кел дейді.

 

Рамазан Бапов он жасында мектепке іріктеудің үшінші күні кештетіп барады. Дәлізден Александр Селезневті көріп, аяғына жармасып "Саша көке, Рамазанмын ғой, есіңізде ме?" дейді. Ол есіне түсіре алмаса да, балаға бақ сынауға мүмкіндік береді. Солай Мәскеу хореографиялық училищесіне түседі. Ол Қазақстанда, Ресейде, Түркияда, Америкада қаншама шәкірт тәрбиеледі. Педагогикалық идеяларын бүгінде шәкірттері жүзеге асырып жатыр", – деді QAZAQ BALLET ғылыми-танымдық журналының бас редакторы Дамир Оразымбетов.

 

Рамазан Бапов – Мəскеу хореографиялық училищесінің (қазіргі Мəскеу мемлекеттік хореография академиясы) түлегі, Қазақстаннан келген талантты студент педагог А.М. Руденко сыныбында білім алып, 1966 жылы Мəскеу хореографиялық училищесін үздік дипломмен аяқтаған. Ол 1968 жылы Болгарияның Варна қаласында өткен Халықаралық балет əртістері байқауының дипломанты жəне 1974 жылғы күміс жүлдегері атанған.

 

Ол осы жерде балетпен айналысты. Балеттегі барлық партиясын жақсы көрді. Ол биді құлай сүйді. Рамазан сияқты ешкім билей алмайды, ол сияқты ешкім сахнада өзін ұстай алмайды. Ол солай дүниеге келді. Бекзат, текті тұлға еді. Ішкі тазалығы қандай. Сахнада ашылып, мүлдем басқа адамға айналатын. Оны қайталау мүмкін емес. Табиғатынан бекзат тұлға. Балет үшін жаралған менің жалғыз қазағым ғой, – деді Рамазан Баповтың жары Людмила Рудакова.

 

Үлкен театрдың балет труппасында өнер көрсетуден бас тартқан ол Алматыға оралып, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера жəне балет театрына солист болып орналасады.

 

Рамазан Бапов Ресей, Дания, Швеция, Финляндия, Сирия, Иордания, Үндістан, Шри-Ланка, Малайзия, Сингапур секілді әлемнің бірнеше еліне гастрольдік сапармен барды. ХХ ғасырдың 70-жылдарында ол Қазақ ұлттық хореографиясының ең жарқын жəне талантты балет артисі ретінде танылды. Сахнаға əр шыққан сайын балет өнеріндегі кəсіби деңгейін, жоғары шеберлігін, музыкалық қабілетін, өлшем мен талғамының биіктігін көрсетті.

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера жəне балет театрында Арам Хачатурянның «Спартак» балетіндегі – Спартак, П.И. Чайковскийдің "Аққу көлі" балетіндегі – Зигфрид, А. Аданның "Жизель" балетіндегі – Альберт, Л. Минкустың "Дон Кихотында" – Базиль, Е. Брусиловскийдің "Қозы Көрпеш пен Баян Сұлуында" – Қозы, М. Сағатовтың "Əлиясында" – Жас жігіт, Д. Шостаковичтің музыкасына жазылған "Жас ханым мен бұзақыдағы" – Бұзақы, Т. Мыңбаевтың "Фрескаларында" Ишпактың партияларын сомдады. Гастрольдік сапар барысында ол Үлкен театр сахнасында көп өнер көрсетті.

 

Рамазан Баповтың орны ерекше. Дәл ондай деңгейге ешкім жете алмайды. Ерлердің классикалық биінде әлемдік деңгейге жетті. Алматыда оқып жүргенде Баповтың өнеріне тамсана қараушы едік. Биге жанын берді. балетті академиялық тұрғыдан дамытты. Оның ерекше орнын ешкім баса алмайды. "Спартак" балетінде адам нанғысыз техникасын, ешкімге ұқсамайтын дарынын көрсетті, – деді А.Селезнев атындағы Алматы Хореография училищесі директорының міндетін атқарушы Мұрат Түкеев.

 

1979 жылы Рамазан Баповқа КСРО халық əртісі құрметті атағы берілді. Ол – Қазақстанның балет тарихында осы жоғары атақты алған жалғыз адам.

Рамазан Бапов 1980 жылдың аяғынан 2000 жылдардың басына дейін Түркия мен АҚШ-та сабақ берді. 2007 жылы ҚР Президентінің шақыртуымен тарихи отанына оралып, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера жəне балет театрының бас балетмейстері ретінде қызмет атқарды. Сонымен бірге, ол Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Хореография режиссурасы» кафедрасының профессоры болып қызмет атқарды.

Балет артисінің замандастары Рамазан Баповты əлемдік хореография өнеріндегі ерекше құбылыс деп санайды.

 

"Рамазан Бапов – мықты биші. Ол жақсы мектептен шыққан. Өте көркем, сахнада жұмсақ жəне икемді секіру арқылы барлық комбинацияларды айқын жəне мағыналы түрде жасайды! Ол жай ғана "Жалпы нөмірді" көрсететін солист емес. Сахнада бүкіл қойылымның атмосферасын жеткізе билейтін актер", – деген балетмейстер, КСРО халық әртісі Асаф Мессерер.

 

Майя Плисецкая болса Рамазан Баповтың бойындағы ерекше "ашықтық" пен бидің кеңдігіне деген құштарлық таң қалдыратынын, көрерменге өзінің эмоцияларын, музыка туралы, балет партиясын өзінің түсінігі бойынша ашып көрсетуге деген құштарлығы ерекше болатынын айтып кеткен.

Өнертану кандидаты Дамир Оразымбетовтың басшылығындағы QAZAQ BALLET ғылыми-танымдық журналының арнайы шығарылымы әлемдік аты аңызға айналған балет шеберінің мерейтойына арналады.

Конференциядан кейін Рамазан Бапов пен Халық əртісі Заурбек Райбаев атындағы балет залдары ашылды. Содан кейін Арам Хачатурянның жаңартылған үш актілі «Спартак» балетінің қойылымы өтті.

 

Фото: А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің баспасөз қызметі

Сілтеме: BAQ.kz