Қазақстанның Өзбекстандағы мәдениет күндері аясында Абай атындағы балет театры Ташкентте өнер көрсетті

23.06.2023

Абай операсы – бүгінгі күнге дейін өзіндік құндылығын жоғалтпаған шығармалардың бірі әрі бірегейі.

Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Мәдениет күндерінің ресми жабылу салтанатында 2023 жылдың 23 маусымы қазақ халқының рухани нышаны, жоғары мәдениет пен шеберліктің іргетасын қалаған, әлемдік атаққа ие болған туындылардың қойнауы – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Ташкенттегі Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан Мемлекеттік академиялық үлкен театрының атақты сахнасында Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің "Абай" операсын ұсынды. Халық жанашырының іс-әрекеттерін, оның ой тереңдігін, сөзінің өткірлігін, тілінің шеберлігін, азамат ретіндегі беделін операның авторлары ерекше шеберлікпен терең және жан-жақты көрсетіп берген. Оны театр әртістері негізгі қалпын сақтап, асқан шеберлікпен, жанды музыканың ырғағымен орындай отырып, көрерменді өзіне еріксіз баурап алды.

Бұл бүгінгі күнге дейін өзіндік құндылығын жоғалтпаған шығармалардың бірі әрі бірегейі. Қойылымға ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пен Өзбекстан Республикасының Мәдениет және туризм министрі Озодбек Назарбеков құттықтау сөзін сөйледі. Асхат Раздықұлы залда жиналған көрермендерге бауырлас қазақ халқының ыстық сәлемін жеткізіп, Қазақстанның мәдениет күндерін ұйымдастыруға үлкен мүмкіншілік туғызған екі елдің елшіліктеріне, мәдениет және спорт министрлігіне алғысын білдірді. Бас партияларды театрдың жетекші опера солистері: Абай – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Талғат Күзембаев, Ажар – Венера Алпысбаева, Айдар – Нұржан Бажекенов, Әзім – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Бөкенов, Жиренше – Есенгелді Рза сомдады.

Сондай-ақ опера солистері, симфониялық оркестр, хор және театрдың балет әртістері өнер көрсетті. Дирижері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Байбусинов, бас хормейстер – Әлия Темірбекова, балет труппасының көркемдік жетекшісі – ҚР Халық әртісі Гүлжан Түткібаева.Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің "Абай" операсы еліміздің музыка өнерінің алтын қорына енген Қазақстанның опера өнерінің үздік жетістіктігі, әлемдік классиканың озық үлгісі.

Операда бір-біріне қарама-қарсы тұрған екі түрлі әлеуметтік күш: Жақсылық пен Зұлымдық, яғни, алдыңғы қатарлы озық ой мен кертартпа күш үнемі арбасып отырады. Операда жаңашыл жастардың бірі Абайдың шәкірті - Айдар. Сүйенері жоқ, бірақ әділдікті көксеген, жолы түзу, дарынды жас ақын. Оның сүйгені Ажар да өзінің бас бостандығын аңсаған, сол үшін әділетсіздікке қарсы күресіп келе жатқан жағымды тұлға. Операның мазмұны мен кейіпкерлердің бір - бірімен қарым-қатынасы, шиеленіскен тартыс шиыршық атқан уытты музыка арқылы ашыла түседі. Операның жалпы музыкасы халық әндерімен әдемі үйлесім тапқан. Алғаш, тұсаукесері 1944 жылы 24 желтоқсанда театрымыздың сахнасында өтіп, ал 1945 жылы Абай Құнанбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай театрымызға Ұлы ақынның есімі берілді. Спектакльдің алғашқы режиссері – Құрманбек Жандарбеков, суретшісі-Құлахмет Қожықовтың декорациясы, дирижері – Леонид Шаргородский болды.

Соңғы жылдары бұл опера Алматы, Астана және Шымкент қалаларындағы опера театрларының жаңа қойылымдарында қайта жандануда. Өзіндік ерекшелігімен, халық әнімен тығыз байланысты ән қазынасы – жоғары көркемдік-эстетикалық қасиеттерімен біздің рухани өміріміздің ажырамас бөлігі болып қабылданады. Оның әндері көпшілік жұрттың көңілінен шығып, сақталынып, жаңа ұрпаққа жеткізілген. Бұған дәлел-Абай атындағы ҚазҰОБТ әртістерінің Өзбекстандағы аталмыш операмен жоғары дәрежеде өнер көрсетуі мен үлкен қошеметке бөленуі.

 

Informburo