Тарихқа толы тоқсан жыл

13.09.2023

Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театры 90-шы мерейтойлық маусымын ашты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

2023 жылы 9 және 10 қыркүйек Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының тарихқа толы 90-жылдық мерейтойының ашылуы өтті.

1934 жылы алғаш шымылдығын ашқан Абай атындағы ҚазҰОБТ шағын музыкалық студиядан бастау алып, Еуразия кеңістігіндегі ең үлкен театрға айналып, ұзақ жолды бастан кешті, сол себептен де «Қазақ өнерінің қара шаңырағы» деп аталуы бекер емес.

Театр маусымын 9 қыркүйек күні дәстүрден жаңылмай Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсымен ашты.

Басты партияларды ҚР еңбек сіңірген қайраткері ТАЛҒАТ КҮЗЕМБАЕВ, ВЕНЕРА АЛПЫСБАЕВА, НҰРЖАН БАЖЕКЕНОВ, Есенгелді Рза, ҚР еңбек сіңірген қайраткері БОЛАТ БӨКЕНОВ сомдайды.

Ал, 10 қыркүйек классикалық би өнерінің символы П. Чайковскийдің «Аққу көлі» балеті көрермен назарына ұсынылды. Басты партияларды Абай ат. ҚазҰОБТ жетекші балет әртістері МАЛИКА ЕЛЬЧИБАЕВА, НЕЛЬСОН ПЕНЬЯ, АЗАМАТ АСҚАРОВ сомдады.

Мерейтойлық маусым мәдени өмірдегі қызықты әрі маңызды оқиғаларға толы болады. Көрермендерді бірқатар премьералар, фестивальдар мен гастрольдер күтуде. Айта кетсек, қазан айының 26-27 күндері Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры гастрольдік сапармен Абай еліне, Семей қаласының тұрғындары мен қонақтарын өзінің қойылымдарымен қуантпақ. Ал, 21-22 қазанда театр Сыдық Мұхамеджановтың «Жұмбақ қыз» эпикалық операсының тұсаукесерін ұсынады, ол 1971 жылы сахнада алғаш рет қойылған спектакльдің жаңа бағыттағы жаңғыруының бір түрі болып табылады.

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры - Қазақстанның ұлттық қазынасы мен мақтанышы, Қазақ опера және балет өнерінің алтын бесігі еліміздің және халқымыздың тарихының алтын шежіресіне мәңгілікке енді, өйткені дәл осы театрдың құрылуы қазақ музыкасындағы көптеген музыкалық жанрлардың дамуына, композиторлық, вокалдық, орындаушылық, хореографиялық жанрлардың құрылуына қуатты түрткі болды. Ал театр ғимаратының құрылысы ұлттық архитектураның дамуында жаңа көкжиектер ашты.

1934 жылдың 13 қаңтарында ашылған алғашқы күндерінен бастап ол қазақ халқының үздік дәстүрлерін сақтайтын халыққа қолжетімді музыкалы – сахналық алаң ретінде қалыптасты. 90 жылдық тарихында театрда 300-ден астам шығарма қойылды. Бұл қазақ опералары мен балеттерімен қатар, орыс, батыс Еуропа опера классиктерінің жауһарлары.

 

Автор: Almaty-akshamy.kz

Қыркүйек 13, 2023