Алматыда «Алдар көсе» балетінің премьерасы өтті

03.12.2023

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында алғаш рет «Алдар көсе» ертегісінің желісімен балет сахналанды, деп хабарлайды Kazinform.

Театрдың мәліметінше, осыдан 30 жыл бұрын қазақтың көрнекті балетмейстері Ментай Тлеубаев пен композитор Алмабек Мейірбеков «Алдар Көсе» балетін театрда сахналамақ болған. Алайда, балеттің музыкасы аяқталмай қалған. Араға 30 жыл салып аталмыш балетті Ментай Тлеубаевтің ұлы әрі ізбасары, Жапония балет театрының жетекші балет солисі, балетмейстер Майлен Тлеубаев көрермен назарына ұсынды.

"Балетте Алдар көсе мен басқа да кейіпкерлердің бейнесін ашуда керемет актер әрі режиссер Шәкен Аймановтың «Алдар көсе» фильмінің пайдасы көп болды. Себебі, Шәкен Айманов бұл фильмде барлық кейіпкерлерді жақсы көрсете білген. Сондай-ақ балетті сахналауға Константин Алтайдың «Алдар көсе» кітабының көмегі көп болды. Бұл кітапта қазақ халық ертегілерінің негізінде Алдар көсе туралы баяндалған. Тапқыр Алдар көсе әрқашан мейірімді, адал адамдарға көмектесуге дайын, ал ашкөз, айлакер, жалқау адамдарды жаны сүймейді. Адам бойындағы бұл ерекше қасиеттер «Алдар көсе» балалар балетінде көрсетіледі, – деді Майлен Тлеубаев.

Театрдың баспасөз қызметінің атап өтуінше, жаңа премьера музыкасы естілген сәттен көрермен көңілін баурап, хореографиясы мен әртістердің актерлік шеберлігі нағыз ғажайып әлемге жетелейді.

 

Источник https://kaz.inform.kz/news/almatida-aldar-kose-baletnn-premerasi-ott-637b52/