Қазақ ұлттық опера және балет театрында "Алдар Көсе" ертегісінің желісімен қойылым сахналанды

04.12.2023

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында "Алдар Көсе" ертегісінің желісімен қойылым сахналанды. Балаларға арналған спектакльді осыдан отыз жыл бұрын танымал балетмейстер Ментай Тілеубаев жазған. Алайда өнер туындысын көпшілікке көрсетудің сәті енді түсіпті. Қазақтың көрнекті балетмейстері Ментай Тілеубаевтың аяқталмай қалған туындысын ұлы қайта қолға алып, көрермен назарына ұсынды. Жапонияда тұратын Майлен Тілеубаев әкесінің идеясын жүзеге асыру үшін елге арнайы келгенін айтады. МАЙЛЕН ТІЛЕУБАЕВ, балетмейстер: – Мен өте бақыттымын. Себебі менің әкем осы жерде бас балетмейстер болған. 30 жылдан астам уақыт бұрын Алмазбек Мейірбеков екеуі осы балетті ойлап, екі рет жоспарлаған. Мейірбеков музыкасын жазған. Бірақ, өкінішке орай, аяқталмай қалған. 30 жылдан кейін мен олардың идеясын жүзеге асырдым. Қазақ ауыз әдебиетінен көпшілікке таныс «Алдар Көсе» ертегісінің желісімен сахналанған қойылым көрерменді бірден баурап алады. Әсіресе хореографиясы мен әртістердің актерлік шеберлігі балаларды нағыз ғажайып әлемге жетелейді. НҰРБАҚЫТ БОҚЫБАЕВ, Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры: – Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында балаларға арналған балет жоқтың қасы еді. Осы уақытқа дейін біз «Үш торай» деген қойылымды қойып келдік. Заман өзгеріп жатыр, әлем өзгеріп жатыр. Сондықтан «Алдар көсе» қойылымын, балаларға арналған балетті жаңа жылдық қойылымға тарту етейік деп арнайы шығарып отырмыз. Жұртшылық спектакльді енді 17 желтоқсанда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында тамашалай алады.

 

Источник https://www.youtube.com/watch?v=gFVptrmvL90