АЛДАР КӨСЕ, ЖЕЗТЫРНАҚ ЖӘНЕ БАЛАЛАР БАЛЕТІ...

07.12.2023

Қарагөз СІМӘДІЛ,

«Ana tili»

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Алмабек Мейірбековтің музыкасына жазылған, балаларға арналған, қазақ ауыз әдебиеті арқылы көпшілікке етене таныс «Алдар көсе» ертегісі бойынша сахналанған балет көрсетілді.

Бұл – елімізде қазақ тіліндегі шығармаға негізделген алғашқы балет. Қойы­лымды осыдан 30 жыл бұрын қазақ балетмейстері Ментай Тілеубаев композитор Алмабек Мейірбековпен бірге бастаған екен. Өкінішке қарай, балеттің музыкасы аяқталмай қалған. Араға 30 жыл салып, аталған балетті Ментай Тілеубаевтың ұлы, Жапония балет театрының жетекші балет солисі, балетмейстер Майлен Тілеубаев қайта қолға алып, сахна төріне шығарды.– Қойылымды дайындау кезінде көп әдебиет ақтардық. Атап айтсақ, белгілі жазушы, аудармашы Алтай Константиннің кітабын оқыдық. Сондай-ақ өнердегі кумирім Шәкен Аймановтың «Алдар көсе» фильмі желісіне сүйендік. Алдар көсе қазақ әдебиетінде жарлы мен жақыбайға көмек көрсететін, сараң байды тақырға отырғыз­ған кейіпкер ретінде таныс. Шығарма балет театрының сахнасында сан-түрлі бояумен, қимыл мен музыка арқылы бір арнаға тоғысқан жарқын туынды ретінде көрсетіледі, – дейді «Алдар көсе» балалар балетінің балетмейстері Майлен Тілеубаев.Екі актілі ертегінің музыкасын жазған Алмабек Мейірбеков, либреттосы мен хореографиясының авторы Майлен Тілеу­баев екенін айттық. Балалар балетінің қоюшы-дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Байбусинов, қоюшы-балетмейстері – М.Тілеубаев, қоюшы суретшісі – Инна Суги, бейнеграфика-суретшісі – Ербол Бисенов, балет труппасының көркемдік жетекшісі – ҚР халық артисі Гүлжан Түткібаева.

Қойылымда оқиға айлакер, тапқыр кейіпкер Алдар көсе, көркем әрі ісмер бойжеткен Айсұлу, Айсұлудың сүйгені – малшы Илентай, Айсұлудың анасы, Илентайдың досы Әлти, айлакер сиқыршы Жезтырнақ, Жезтырнақтың қызметшілері, бай, байдың әйелдері, қазы, қазының қыз­метшілері, жеміс сатушы ақсақал, халық, елестер, өрмекшілер арасында өрбиді. Балетте қазақы кейіпкерлердің, әсіресе қазақ мифологиясындағы кейіпкерлердің бой көрсетуі, әрине, құптарлық жағдай. Бұл тұрғыда Жезтыр­нақтың биі, арбауы, өрмекші торының бас кейіпкерді (малшы, Айсұлудың ғашығы Илентайды) шырмауы, Айсұлудың түс көруі, түсіндегі аян іспетті оқиғалар – қазақ аңыз-әңгімелерінің би тілінде де сөйлей бастауы, шындығында сәтті шыққан деуге болады. Тек Илентай музыкалық аспабын Батыс флейтасы секілді көкке көтермей, қазақы сыбызғыдай тартса, нағыз қазақы малшының образын көргендей болар ма едік? Қойылымда басты роль – Алдар көсе образын Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жас балет солисі Ақыл Жуас жасап шықты.

Алғашқы сахнаға көңілді әрі тартымды қалпымен шыға келіп, көрерменді өзіне бірден баурап алған Алдар көсенің әзілқой, айлакерлік қыры екі-үш сахнада ғана байқалған. Сараң бай Айсұлуға көңілі ауып, ән салып бермекші болып, халық байдың жағымсыз дауысынан теріс айналғанда, жас бойжеткен Айсұлуды тығырықтан құтқармақ болған Алдар көсе байдың көзін байлап, жақсы ән салса Айсұлу бетін сүйгізетінін айтып, өзі Айсұлудың шәлісіне орана қояды... Бұл оқиға Шәкен Айманов фильмінен бәрімізге таныс әрі балеттің либреттосы мен хореографиясының авторы Майлен Тілеубаев қойылымды сахналағанда Ш.Аймановтың «Алдар көсесінен» шабыт алғанын айтқан еді. Яғни осы тұрғыдан балеттегі «Алдар көсе» бәрімізге бала күнімізден таныс кинодағы «Алдар көседен» алысқа ұзамағанымен көрерменге таныс әрі жақын кейіпкер болып шыққан. Екіншіден, Алдар көсенің айлакерлігі ғана емес, тапқырлығы да, досқа адалдығы да байқалатын бұл балетте Алдар көсе рөлін сомаушы актер жайдары қалпымен көрерменді баурап алады.– Алдар көсе балетіне мені Гүлжан Сүлей­меновна таңдады. Күлкім ұнаған екен. Қойылымда күлкілі, қорқынышты жерлерді би, іс-әрекет, ымдау арқылы көрсетеміз, – дейді Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының әртісі Ақыл Жуас. Сөз басында айтып өткеніміздей, қойы­лымның қазақы атауы мен қазақы нақышы отандық балетке тың серпін берері анық. Тек туындының жас көрерменге арналғаны қойылымның атауына ғана қарап қойыл­ғандай. Иә, А.Селезнёв атындағы Алматы хорео­графиялық училищесінің оқушыларының сахнада билеуі де жас көрерменді баурары анық. Ал туындының музыкасы жас көрерменге қарағанда ересектерге арналғаны байқалады. Жалпы шығарманың музыкасы ғана емес, сюжеті, хореографиясы да балаларға қарағанда ересек көрерменді көбірек назарға алғандай. Сахнадағы би жүрісіне қатысты мамандар арнайы пікір білдіретін болар, алайда сараң бай мен озбыр қазының би-қимылы біз секілді қарапайым көрерменге тым ұқсас болып шыққандай.

Қалай болғанда да қазақ аңыз-әңгімелері, қазақ кейіпкерлері, әсіресе Алдар көсе, Жезтырнақ, түстегі елестер сынды образдардың бүгінгі балет сахнасында бейнеленуі өте маңызды. Осы маңыздылық тұрғысынан бұл қойылым көрерменді әлі талай қуанта береріне сенеміз.

 

Фото: Владимир Акуленко

 

Источник https://anatili.kazgazeta.kz/news/62528