«Аспан жағалауында» хор спектаклінің тұсауы кесілді

14.03.2022

«Аспан жағалауында».

 

Абай атындағы Қазақтың ұлттық опера және балет театрының (ҚазҰОБТ) «Галерея ARTE» кеңістігі аталатын екінші қабаттағы кең фойесінде театрдың хор ұжымының дайындаған жаңа 2022 жылғы 19 ақпанында алғашқы спектаклінің тұсауы кесілді. Бұл спектакль ХVІ ғасырдың талантты композиторы Орландо ди Лассо музыкасы негізіндегі «Аспан жағалауында» атты V бөлімнен тұратын хор ұжымының орындауындағы ерекше спектакль. Жанрын «Performance corale» деп атаған бұл қойлым қазақ тілінде «Хор спектаклі», «Хор ойын-сауығы» деген атауға саятын болса керек. Бүгінгі театрлардың түрлі эксперименттік ізденістерге барып жатқан заманы Абай театрының хор ұжымының өзіндік жұмыс жасауға итермелегені көңілге жылылық ұялатты. Бұл қойылым шығармашылық ұжымның жастар тобының заман талап еткен сәтті әрі тыңнан түрен салған қызықты ізденісі деуге тұрарлық.

 

Бас хормейстер – Әлия Темірбекованың жетекшілігіндегі опера театрының хоры бұған дейін талай ұлттық, әлемдік классикалық операларында, реквием, оратория, кантаталарды орындауы үйреншікті құбылыс болатын. Дегенмен, жеке хор ұжымының дәл осы форматта өзіндік спектакль шығарып көрерменмен жүздесуі алғаш рет. Екінші ерекшелігі, бұл қойылымның барлық хор номерлері a capella орындалуы. Үшіншіден, музыкасы, пластикалық шешімі, басты және қосалқы кейіпкерлердің бәрі де хор артистерінің орындауымен сахнаға шығуы. Қойылымда жеке әнші солист, хор деген ұғым жоқ. Бәрі хор ұжымының құрамынан шығып ансамбль (квартет, квинтет, секстет, октет) түзіп және 30-ға жуық барлық қатысушылармен біргелікте орындалады. Әрине, мұндай ерекшеліктер театр репертуарында жүретін опера спектакльдерінен бөлек өзіндік орындау стилі, қойылымның өзгеше сахналық орындау ерекшелігін талап етеді. Театрдың хор орындаушылары дайындаған камералық ұжым артистерінің спектаклі көрерменді адамзат даму белестерінің ерекше бір кезеңі – ХVІ ғасырдың атмосферасын сезінуге, сол дәуірдің үні мен дыбыстық әлемін тыңдауға және махаббат дастанын бейнелеген сахналық спектакльді көруге мүмкіндік берді.

 

Спектаклдің музыкалық негізі етіп композитор Орландо ди Лассо туындыларының ішінен 16 хор номерін таңдап алған. «Хор өнерінің алтын ғасыры» болып танылған Қайта өрлеу дәуірінің ең танымал композиторының жалпы ұзын саны 2500-ден астам шығармасы бар екен. Бұл күні бүгінге дейін сахнада жиі орындалып келген композитордың барлық хор жанрында қалам тербеген белгілі туындылары. Дәуірдің барлық тақырыбына үн қосқан композиторының шығармашылық диапазонының өте кең. Сол кезеңде әлі де болса ықпалы күшті діни музыкамен бірге жаңадан күш алып ерекше ел назарында болған: мотет, мадригал, виланелла, мореска, фроттола, шансон, халық әндері, кантата, оратория секілді т.б. сарай музыкасы дәуірінің кең тараған жанрларында жазылған шығармалары композитор қолтаңбасын алыстан танытады.

 

Музыкатанушы мамандардың О.Лассоның шығармашылығына баға бере келе оны нидерланд бейнелеу өнерінің қылқалам танымал шебері Рубенстің кескіндемелерімен салыстырулары негізсіз емес. Еуропаның көптеген елдерінде болып музыка өнерімен таныс композитор неміс, француз әндерінің құрылымдары мен итальян халқының түрлі жанрдағы ән орындаушылық шығармашылығын терең меңгерген және оны өзінің шығармашылық ерекшелігін жоғалтпай кеңінен қолдана біледі. Композитордың хорға арналған шығармаларында өзіндік қайталанбас стилі ерекше көрінген тұсы ол нидерландық өмірдің, тұрмыстық салт-дәстүрдің үлгісін айнытпай бар бояуымен бере алуында. Музыка тілімен «жанрлық» суреттемелерінде тұрмыстық қанық бояулар арқылы қарапайым адамдардың мінез-құлықын, дөрекілігін, жұмсақ әзіл, өткір сатиралық детальдармен көркемдеп жеткізе алған.

 

Идея авторы театрдың хормейстері Нұржан Қысықов пен спектаклдің либреттосының авторы – Элис Багаева оқиға желісі етіп ортағасырлық діни құрсаудан Адам санасы азат бола бастаған Қайта өрлеу дәуірі адамының бойындағы еркіндікті сезінуі, ғашықтықтың ғаламатына бой ұрғанда оған қарсы тұрар күш, оны ауыздықтауға ешкімнің де құдіреті жетпейтінін, шынайы махаббаттың салтанатын көрсетуге назар аударған. Әлем әдебиеті мен драматургиясындағы Қайта өрлеу дәуірінің ең танымал авторы Шекспир трагедиялары көтерген мәңгілік тақырыптарымен үндес келетін бұл оқиға басты кейіпкерінің шіркеуде Құдайға құлшылықпен қызмет ету мен жеке басының жалындаған махаббаты ортасында, жан мен тәннің арасындағы болатын арпалыс мәселесін көтереді. Қойылымның кілті ретінде бағдарламада эпиграфы етіп алынған: «Любовь... Ничто и никто не властен над нею: Ни Бог, Ни Дьявол, Ни человек тем более...» - деген екі ауыз сөзде шығарманың астары толық ашылған. Еуропалық өрениеттегі адамзат даму тарихында өзін-өзі тануға бет бұрған балаң кезіндегі ауыздығына иелік ете алмастай екі жастың махаббат тарихы, махаббаттың салтанат құруы баяндалған.

 

Қойылымдағы оқиға желісі шіркеу қызметшісі Пастор Джорджианың жас сұлу Лючияны көшеде бір көргеннен құлай ғашық болуынан басталады. Мұндай сезім жетегіне шырмалған діндар жанның осы жолда қалу немесе өз сезіміне ерік беріп сүйгенімен бақыты үшін ғұмыр кешу үшін шіркеудегі қызыметінен баз кешуі секілді кейіпкердің жан дүниесіндегі «ақ пен қара күштердің» арпалысын көреміз. Шіркеу мен базарда, көше мен үйдегі көріністерде көңіл-күй мен махаббат жолындағы сезім қақтығыстары баяндалады. Екі жастың махаббатына қарсы тұратын кедергі күштің өкілі Аркадий дәстүрлі түсінікте – жас, күшті, өткір, дөрекілігі мен арсыздығы қатар жүретін «қара күштің» иесі. Оқиға желісін құрастырушы либретто авторының мәтінінде шығарма желісін көрерменге түсінікті болуы үшін бір ізділікпен тарқата баяндайды. Бірақ басты кейіпкерлер Джорджиана мен Лючияны Шекспирдің Ромеосы мен Джульеттасы секілді махаббат жолына құрбандыққа шалмайды, екі мәрте «өлтіріп», бірақ шын ғашықтардың бақыты үшін кездескен кедергінің бәрін жеңетін оптимистік кілтте аяқтайды. Аркадий бір емес екі мәрте қаскүнемдік жасаса да екі жасқа өлім дарымай қайта тірілтіп, оқиға бақытты шешімде аяқталады. Бұны біз шығарма оқиғасын тізбектеп жинаған авторлық көзқарас деп түсінеміз. Оның: «Мысленно я телепортировалась в Венецию 14-го века. Все действия сценария буквально разворачивались перед моими глазами. Оставалось только успевать записывать. Это чистое вдохновение, рожденное под итальянские мотивы Орландо ди Лассо и, конечно, под музыку известного хита «На берегу неба» … Не могу объяснить, почему именно эта композиция так подействовала на меня, но именно она стала лейтмотивом процесса написания сценария», (https://tengrinews.kz/news/artistyi-hora-kazntob-predstavili-avtorskiy-proekt-na-beregu-462321/) – дейді. Либретто авторының пікірі айқындағандай,қойылым атауының «Аспан жағалауында» болып аталуы бұдан 5 ғасыр бұрын өмір сүрген автордың музыка әлемін бүгінгі жас автордың өзінше түсініп сезінген қолтаңбасы деп тануға әбден болады.

 

Театр хорының репертуарында бұл орындалған О.Лассоның музыкалық шығармаларынан анағұрлым көп екені анық. Тыңдармандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын өмірлік мәселелерді күлкіге айналдыратын әзілге толы құрылған топтамалары ішінде жеңіл қабылданатын, күлдіретін, ойын-сауықтың сәнін келтіретін туындылар саны мол. Олар: итальянша тілі бұралмайтын неміс солдатының қойыртпақ сөздерін келемеждеу, маскүнемдердің, жеңіл жүрісті әйелдердің мінез-қылықтарын, көшедегі тобырдың кейбір оғаш қылықтары, лексикасындағы ерекшеліктерді бейнелеуде шеберлікпен сипаттайтын шығармалар. Сахналық қойылымының идея авторы Н.Қысықов орындалатын композитордың музыкалық материалы мен орындаушылардың сахнадағы пластикалық әрекеттері арасындағы тығыз байланысты іздеу қажет еместігін атап өткен болатын. Десекте, қоюшы құрам спектакльге қажетті хор номерлерін таңдауда хор шығармалары мен либретто оқиғасының арасындағы байланысты немесе хордың орындап жатқан шығармаларының мәтіні мен сахнаның пластикалық шешімінің арасын жақындатуға тырысқан. Екі кеңістікте өтетін бұл қойылым оқиғасында орындалатын хор музыкасы мен ортадағы пластикалық әрекетте біркелкі желі болмағанымен, барлық ой-мақсат оқиға желісін пластикалық іс-әрекетпен жақындатылып ашуға бағытталған. Вокалды ансамбль орындайтын музыкалық бөліктермен қойылымның жалпы атмосферасы жасалса, ортадағы кеңістік сахнадағы әрекет үстінде көрінетін жеке кейіпкерлер мен көпшілік хор артистері либретто оқиға желісін көреременге іс-қимылмен, қосалқы детальдармен баяндап береді.

 

Режиссер Диана Әкімбаева спектаклді сахна кеңістігіне қоюда өзіндік шешім іздеген. Көрерменді сахнаның екі жағына қиғаштай бөліп орналастырып, хор орындаушылар мен хордың би қимылдары өтетін алаңды негізгі ойды жеткізетін кеңістік – сахна ете білген. Сахналық кеңістікте музыкалық номерді орындаушы ансамбль құрамын өзгелерден биікке орналастырып, оқиғаны пластика тілімен баяндаушы – көпшілікті төменде көрермен ортасына алып шығады. Қойылым кейіпкерлері сахнадағы оқиғаны дәуірдің стилінде беруге күш салған. Мрамордан жасалған мүсіндер мен талық барлық музыкалық номерлерді байланыстыру үшін лютня аспабында орындаушы музыкантты және кейіпкерлердің жан дүниесін ашатын Ақ және Қара періштелерді енгізген. Осы жалғыз музыкалық аспап пен хор бірі-екіншісін толықтырып оқиға желісіне әсерлі бояу береді. Әрбір музыкалық номерді келесісімен жалғастыртын көпір, дәуір үні болатын – лютня аспабының үнімен жүйелі байланысады. Қайта өрлеу дәуірінің суретшілері бейнелеген полотноларда музыканттардың қолында жиі көрінетін лютня аспабы Руслан Елеусіновтің орындауында жұмсақ та жұмбақ үнімен, сабырлы да терең ойлылығымен сөйлейтін негізгі музыка аспабына айналған. Музыкалық номерді орындаушы вокалды ансамбль құрамының сахнадан өз орынына жайғасуына мүмкіндік берген, орындалатын музыкалық бөліктерді келесі номермен жалғауға, кезекті орындалар туындының құлақ күйін келтіруге тон беру секілді міндеттер атқарған лютня аспабы спектаклдің өн бойында жүйелі жалғасуына, атмосфера қалыптастыруда рөлі зор. Оқиға кейіпкері ретінде енгізілген Ақ және Қара періштелердің сахнадағы іс-әрекетінде сол заман түсінігіндегі дін қызметкері Джорджианың түзу жолдан таюы, Ақ пен Қара періштенің арпалысы секілді дәстүрлі түсініктер тізбегі көрсетіледі.

 

Спектакль барысында таңдап алынған композитордың шығармаларының дені концерттік сахнада түрлі хор ұжымдары мен ансамбльдерінің жиі орындайтын: «Chi chi li chi», «Hai, Lucia, bona cosa», «O occhi, manzamia», «Tutto lo dì mi dici», «Tutto'l dì piango», «Matona mia cara», «O Lucia miau miau», «Zanni», «Lucia celu», «Ola o che bon echo», «Fuyonstous», «Cathalina», «Tourdion Quand Je bois du vin», «Ad alter le voi dare», «Celebrons» секілді түрлі көңіл-күйді беретін, дыбыстық қабаты қарама-қайшы мінездер мен динамикаға құрылған туындылар. Музыкадағы гомофонды-гармониялық жазу үлгісінің тууы мен контраст принципінің қалыптасу кезеңінде жазылған бұл шығармаларды орындауда театрдың хор ұжымы сан түрлі дыбыстық образдар мен көңіл-күйді беруге ұмытылды. «Zanni» секілді шығармада қала өмірінің көлеңкелі тұстары, жеңіл жүрісті әйелдер мен маскүнемдердің өзара диалогі секілді кезек-кезек сөз саптаулары әзіл мен әжуаны араластыра сипаттаулар адамдар арасындағы болатын жанды әрі көңілді диалог-сұхбаттай қабылданды.

 

Орындалуы әлі күнге дейін өзінің тыңдаушыларын бей-жәй қалдырмайтын «Matona mia cara» - «Менің сүйікті матронам» шығармасы хор ұжымы лютня сүйемелдеуін қайырмасында «дон-дон-дон» дыбыспен ойнақы да жеңіл беретін әдемі әсерлер сыйлады. Композитордың «Ola o che bon echo» - «Жаңғырық» атты хоры көпшілікке танымал шығармалардың бірі. Мәтінін композитордың өзі жазған бұл шығарма хорға канон үлгісінде орындалып, негізгі хор және қосалқы квартет ансамбль мүшелерінің орындауында арқылы кезектесіп келетін жаңғырықтың әсерін қайталаулармен әдемі де анық келтіреді. Қысқа музыкалық хор сөйлемдері сұрау, бұйрық беру, өтініш айту т.б. секілді түрлі райда жаңғырықпен қайталанып музыкалық материалдың орындалуы бүгінгі күннің тыңдарманы үшін де жаңаша естілді. Әрине, спектаклдің өтетін орына таңдалған театрдың фойесінің акустикалық қасиеті, спектаклдің көреремендермен болатын жалпы атмосферасы бұл хор шығармаларын барынша таза, автор белгілеген ньюанстардан ауытқымай орындауға толық мүмкіндік бермесе де хор артистерінің орындау шеберлігін танытқан жинақылық пен шеберлік ізденіс ізін көрдік. Немесе «Fuyons tous» - «Бәріміз, махабаттан от секілді ойынға қашайық» хор бөлігін барлық құрамымен тутти орындау динамикалық өсумен үлкен полотно орындауындай болып есте қалды. Қойылымның шарықтау шегіне келгенде оқиғаның драматизмге толы сәтін сипаттау үшін «Tourdion Quand Je bois du vin» - «Туридон: Мен кларет (шараптың түрі) ішкенде» - хорын орындауға ұрмалы аспапты қолдануымен сахнадағы оқиғаның тұнжыр, салқын естілер көңіл-күйінің бояуын драматизммен қалыңдата түсіп шығарманың әуені бір қалыпты жәй басталып динамикалық өсумен оқиғаны алға жетелеп отырады. Орындаушылар құрамы сахнада өздерін еркін сезіне алды. Хор бөліктерін жеке ансамблдік топпен және толық құраммен орындаған шығармашылық ұжым барын салғаны көрініп тұр. Музыкалық орындауда композитордың стильдік ерекшелігіне сай дыбыстың жеңілдігі, хор орындаушыларының артикуляциясы, қарама-қайшылыққа толы динамикалық күрт өзгерістердегі жеңілдік шығармашылық ұжымның біраз еңбектенгендігін көрсетеді.

 

Көрсетілген спектаклдің оқиғасы сахна кеңістігінің алды мен ортасында әрекет етті. Қоюшы-хореограф – Қаршыға Дандағариевтің жұмысы қойылымның басынан аяғына дейін анық көрінеді. Пластикалық көріністер орындаушы – хор артистерінің күшімен тыңғылықты жасалған. Сахнадағы көріністің пластикалық шешімінде көпшілік-хордың орындаушылық пластикалық іс-қимылдарында түрлі өмірлік жәйттерді еске түсіретін сахналық композициялар беріледі. Бұл «Орталық алаңда», «Шіркеуде», «Базарда», «Джорджианың үйінде», «Джорджиианың түсі» т.б. сахналарда басты кейіпкерлер Джорджиа мен Лючия, олардың бәсекелесі Аркадии арасындағы махаббат сезімдері мен қатыгездік сахналарын бейнелеуде белсенді көрінеді. Режиссер сахнада хор артистерінің вокалдық орындаушылығы мен пластикалық іс қимылдарын үйлестіре отырып оларды спактаклдің басты кейіпкері етуге күш салған. Хор орындаған музыкалық материал қалған хор артистерінің тұтастай пластикалық композициясымен толықтырыла келе сахнада драмалық оқиға желісі айқын, негізгі қақтығысатын жақтардың ұстанымдары бар, басты екі жастың романтикалық махаббатының жеңісінің баянды болуын паш ететін финалмен спектакль жасалған.

 

Үйреншікті концерттік сахнадан тыңдап үйренген а capella хор орындаудың сахнада пластикалық әрекетпен қатар жүргенде орындаудың сапасында өзіндік кемшін тұстары (басы артық қимыл әрекеттің, тыныштық болмауы т.б.) болды. Бірақ бұл музыкалық орындауды сахнадағы драмалық оқиға әрекетімен бірге тамашалағанда аталмыш кемшіліктің тігісі жатып байқалған жоқ. Бастысы сапалы жасалған хор жетекшілерінің жұмыс нәтижесін ұжым өз деңгейінде көрсете алды.

Екінші мәселе жоба авторларының спектаклді – комедия Dell ' Arte жанры деп анықтауы. Бұл жанр негізінен алаң немесе көшенің маскалар комедиясы және сахнада актерлердің суырып салмалық әдісі негізінде ойын көрсететін кең тараған жанр. Біз тамашалаған спектакльде мұндай жанрлық ерекшеліктер мен әдістерге тікелей немесе жанамалай сілтеме кездестіре алмаймыз. Спектакль ән-хор, пластика т.б. театр элеметтерін қолданып жасалған толыққанды спектакль болған.

 

 

Материалы: Madeniet portaly

Авторы: Аманкелді Мұқан

Фото: Елена Петрова