АРДАГЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН КЕШ

Халықаралық музыка күні мен Қарттар күніне орай Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында театрдың ардагерлеріне арналған «Замана тарландары» атты концерт өтті. Бағдарламада олардың өмірбаяны, орындаған партиялары және басқа да жетістіктері еске алынды.
Айтылған іс-шара өткен ұрпақтың адам гершілік және кәсіби құндылықтарын ізбасарларына насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
– Мерекенің арты мерекеге ұласып отыр. Осы орайда, біз де театр тарихында бірінші рет осында талай қызмет еткен ардагерлерімізді жинап, арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырдық. Сондай-ақ, дүниеден өтіп кеткен аға-әпкелерімізді, әріптестерімізді еске алып, олар сомдаған образдарды экран арқылы көрсетпекпіз. Бұл кісілер қазақ өнерінің туын көтеріп қаншама еңбек етті, біз оларды ұмытпауымыз керек. Келешекте дәстүрлі түрде 1 қазан күні осындай кештерді ұйымдастыру жоспарда бар, – деді Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры Бақыт Бөкебаев.
– Біздің алдағы жоспарымыз – біраз жылдан бері жоғалып кеткен өзіміздің ұлттық операларымызды қайта қойып, қайта жаңалау. Сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі екі театрдың бірі қоя алмайтын үлкен-үлкен опера балеттерді қоюды алға мақсат етіп отырмыз. Бүгінгі Абай атындағы ҚазҰБТ ұжымының потенциалы өте жоғары. Ресейден, Франциядан, Швейцариядан келген ғалымдар біздің қыз-жігіттердің даусын тыңдап көріп, мынандай операны дамытып, ұстап отырған халық, сіздер мықты екенсіздер деп тамсанып кетті, – деп толықтырды Б. Бөкебаев.
Концертке арнайы келген қонақтардың арасында КСРО Халық әртісі Әлібек Дінішев, Қазақстанның Халық әртістері Хорлан Қалиламбекова, Раушан Байсейітова, Базарғали Жаманбаев, Зарема Қастеева және Қазақстанның классикалық өнерінің көптеген аңыздары мен сахна артындағы жұмысшылары болды.
Концертке театрдың жас әртістері мен сахна шеберлері – ҚР Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржамал Үсенбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Жәмила Баспақова, Гүлзат Даурбаева, Талғат Күзембаев, Болатбек Бөкенов, Гүлвира Құрбанова және Абай атындағы ҚазҰБТ симфониялық оркестрі, хор және балеті қатысты.
Автор: Досбол АТАЖАН
No114-115 (6250) 4 қазан, 2022 жыл
Источник: Алматы ақшамы