Би падишасы

Балет – сұлу өнер, сахнаның құдіреті сол болар, биші өз өнерінен гөрі сұлуырақ көрінеді. Бір аяғының ұшымен еденді тіреп, бір аяғымен дөңгелене айналып, кенет ту сыртынан біреу ұртын толтырып үрлеп қалғандай, үлпілдеген қауырсын секілді қалықтап ұша жөнелгенде, бір мезет тыныс алғаның өзіңе де сезілмей, тым-тырыс қаласың. Қанатын керіп, көлде жүзген аққу сахнаға адасып келіп қалғандай, құс патшасын айна-қатесіз кейіптеген мынау шебердің өнері тәнті болмасыңа қоймайды.
Абай атындағы опера және балет театрының прима балеринасы атану әркімнің пешенесіне бұйырмаған, балет қойылымына барған сайын бейсаналы түрде бала күннен атына қанық болып өскен белді әртіс Гүлжан Түткібаеваны көз жанарымызбен де, көңілмен де іздеп тұрамыз. Өнердегі өлкесін қайталанбас өрнектермен безендіріп, өз биігін бағындырған Гүлжан балеттегі орнын кейінгі жас буынға әлдеқашан босатып берген, бірақ театр сахнасында бүгінгі орындалып жатқан бидің бәрінде белгілі әртістің қолтаңбасы, шеберлігінің ізі сайрап жатыр. Содан бері де ұлттық балет өнерінде бишілердің бірнеше толқыны ауысып үлгерді, олардың әрқайсысы өзінше дара, өзінше биік, бірақ Гүлжансыз бұл өнердің сипаты толық мағынасын таба алмас еді. Мәскеу хореографиялық училищесінің түлегі 1982 жылы Абай атындағы опера және балет театрына биші болып қабылданғаннан бастап би өнерінің барлық биігінен көрініп, профессор атанып, он жылдан бері балет труппасының көркемдік жетекшісі, бас балетмейстері болып қызмет атқарып келе жатқан Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің кавалері Гүлжан Түткібаева жақында төл сахнасының төрінде шығармашылық өнерінің қырық жылдығын атап өтті.
Балет – суырып алғанда, бір құшақ байлыққа көміп салатын лотереяның бас айналдырар бақытты билеті емес. Өнердің бұл қиын түрін таңдаған адам биік жетістікке жету үшін қажырлы еңбек ету қажетін бала күнінен жақсы түсініп өседі. Буыны қатпаған 4-5 жасынан бастап таң бозынан оянып, күн сайын 7 сағат жаттығу залында жүріп, бала болып қалаған уақытында балмұздақ та жей алмай, белгіленген салмақтан аспас үшін жапон диетасын ұстап, қатаң күн тәртібімен жүріп-тұрудың қиындығына ерте бастан дағдыланады. Алдағы азаппен салыстырғанда бұл да әзірге түк емес. Башпайының ұшымен сахнаның бір шетінен екінші шетіне дөңгелене айналып келіп жерге аяғын қойып дамылдаған кезде балеринаның аяғы 100 кило ауыр салмақты сезінеді екен. Өткен ғасырдың басында туфлиінің басына былқылдаған шикі етті жұқалап турап салып билеген балериналар бүгінде «қара жердің қаттылығын» сездірмеуге арналған силикон салып билегенімен, таңертеңнен кешке дейін үзілмейтін әзірлікке аяқкиімдері шыдамай, шоқпыт-шоқпыты шығып, бишіге жылына 100-ден артық балет туфлиін киюге тура келетін көрінеді. Күн сайынғы жаттығудан аяқтағы бес саусақтың бір қабат терісі сыдырылып, жараланып, табан мен өкше тұтас ойылып, қызарып, қанталаған жара жазыла келе тапталып, қара тікен сүйелге айналып, ақыры саусақ пен буынның қисайып кетуі – кез келген балет бишісі үшін қалыпты жағдай. «Өнер құрбандықты қажет етеді» дегеннің бір дәлелі осы болар. Денедегі артық салмақ диетасыз-ақ дайындық кезінде моншақ-моншақ термен бірге бу болып ұшып, ащы тері алынған жараулы аттай аяғының ұшымен аптасына төрт рет спектакльде билеп, толып жатқан байқауларға әзірленіп, күні-түні театрдан шықпай жұмыс істеуге табандылық жетіспесе, әлгі еңбектің бәрі де текке кетті дей бер. Қиындықты жеңетін де, кедергіні кесіп өтетін де, өзін өзгелерден мықтырақ жасайтын да тек қажырлы еңбек.
П.Чайковскийдің «Аққу көліндегі» Одетта-Одилия, «Ұйқыдағы арудағы» Аврора, А.Аданның «Жизеліндегі» Жизель, Ғ.Жұбанованың «Қарагөзіндегі» Қарагөз – қазақ балет өнеріндегі басты партияның бірде-бірі Гүлжанды айналып өтпеді. Би өнері ғажап-ақ, бірақ оның арғы жағында темірдей қатаң тәртіп пен табанды мінез болмағанда, әлемдік жауһарға айналған балеттің асау кейіпкерлері Гүлжанға жалынан ұстатпаған болар еді. Гүлжан жарық дүниеге келгенде балеттің барлық талабын ескеріп туғандай – нәзіктік, сыны мен сыры келіскен сымбат, биікке жеңіл секіру, ал секірсе ауада ілініп қалғандай, ұзаққа самғау, дөңгеленсе, дүниемен бірге шыр айналу, не керек, балеттің әліпбиін бір бишідей меңгеріп, оны ұшан-теңіз еңбегімен дамытқан хас шебер шартараптың кіл мықтысы бас қосқан өнер додасында талай мәрте топ жарды. Гүлжан 1989 жылы Мәскеуде өткен халықаралық байқаудың дипломанты, 1990 жылы Варнадағы, Джексондағы балет байқауының жеңімпазы атанды.
Қырық жылдық шығармашылық белесіне осы тектес ірі жетістіктерімен жеткен Гүлжан Усамбекқызы өнерін бағалап, талантын құрметтейтін көрерменін балет қойылымдарынан құралған авторлық кешімен қарсы алды. Аншлагпен өткен кеште әртістің әріптестері, шәкірттері оның биіндегі мінсіз техника, мінезіндегі мұқалмас мықты қырлары туралы сүйсіне әңгімеледі. Қазақ балетінің тарихы үшін режиссерлік тәсілдерді, хореографиялық қолтаңба мен стильді сақтаудың маңызы зор екені айтылды. Осының бәрін Гүлжан Усамбекқызы мәскеулік ұстаздарынан бойына қалай сіңіріп өссе, бүгінгі өз қойылымдарында классика мен заманауи жаңа әдісті қатар өріп, мүлтіксіз орындауға тырысады.
«Балет кешінде» жетекші солистер мен балет труппасының орындауында өзі қойған классикалық балеттерден фрагменттер ұсынылды. Алматының бас хореографының мерейтойына Мәскеуден Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Үлкен театрдың премьері Юрий Васюченко мейман ретінде қатысып, «Астана балет» пен «Астана опера» театрының жетекші солистері өнер көрсетті. Халық әртісі әр спектакль сайын балеттің әдемі әлемінде қауышатын көрерменінің қолдауы мен махаббаты үшін құрметін білдірді.
– Мен сіздермен кездескен сайын шығармашылықтың шын қуанышын сезінемін. Өзімнің сүйікті өнеріммен айналысып жүргенім үшін шексіз бақыттымын. Менің бар өмірім өнермен бірге өрілді. Осының бәрі санамды, ойымды, жан дүниемді биікке көтеріп, мынау аумалы-төкпелі өмірде екі аяғымнан нық тұруыма көмектесті. Бастысы – өмірді сүю және жан жабырқататын жаман нәрсеге әдемілікпен қарсы тұру. Адамдардың барлығын анда-санда болса да күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәтке болса да қол үзіп, балеттің сұлу әлемін бірге аралап, бірге рахат сезінуге шақырамын, – дейді Гүлжан Түткібаева.
Шынында да, шымылдық ашылып, Ерболат Ахмедияровтың дирижерлігімен симфониялық оркестрдің сазы саулай жөнелгенде, үйреншікті өмір есіктің арғы жағында қалып, таңғажайып дүниенің ішіне енгендей күй орнады. Балет тек дөңгелене айналу, секіріп-қарғу ғана емес, ең алдымен сезім күйін, көңіл күйін, жан қуанышын, жүрек үнін жеткізу. Балет – би поэзиясы. Қозғалыс пен музыкадан тұратын өнердің құдіреті тамыр-тамырды қуалап жүрекке сіңетін өлең секілді немесе тілі жоқ, мылқау, бірақ мазмұнды фильм тамашалағандай әсер қалдырады. «Спартак», «Анна Каренина», «Щелкунчик», «Корсар», «Кармен-Сюита» және басқа орындалған балеттердің үзіндісі бұл өнердің тамсандырмай қоймайтын жұмбақ сырын аша түсті.
Гүлжан Түткібаева өзінің бар білгенін шәкірттерінің бойына сіңіріп, балет өнеріндегі белгілі шеберлерді тәрбиелеп шығарған педагогтік қызметімен де танылған тұлға. Шетелдің кәсіби өнер ортасы мойындаған талантты шәкірттерінің арасында Гауһар Усина, Гүлнұр Сәрсенова, Найля Кіребаева, Гүлфайруз Құрманғожаева, Малика Елшібаева, Есқали Қасқырбай секілді халықаралық байқаулардың лауреаттары бар. Ұстаз, бас балетмейстер ретінде өзіне де, өзгеге де сын көзімен қараудан талмайтын, өзін-өзі қамшылаудан тынбайтын, ұжымды өз идеясына қызықтырып, нәтижесінде, Қазақстанның балетін халықаралық өлшемге лайық жасауға тырысқан еңбегі әйгілі шәкірттердің өнерімен, жоғары деңгейде өтетін концерттермен және құрметпен қабылданатын гастрольдермен ақталды. Сондай-ақ Абай атындағы Ұлттық театрдың сахнасында шет мемлекеттер әртістерінің де билегісі келетін арманы барын ескерсек, бұл да бас балетмейстер еңбегінің жемісі.
Бүгінгі әлем әр адам үшін ашық, төрткүл дүниені тұтас бақылап отырған көрерменнің жақсы-жаманды салыстыру мүмкіндігі артқан. Балетке қойылатын талап та күннен-күнге биіктеп барады. Шығармашылық қоржындағы қырық жылдық азықты олжа көріп отыра бергенді уақыт көтермейді. Г.Түткібаева «орташа өнім» дайындап ұсынса, көзі ашық көрермен оны бірден сезіп, қабылдамас еді. Сахнаға өзі шығып билесе бұдан әлдеқайда оңай болар ма еді, бірақ бала күнінен бәсеке жолымен жүріп, жоғарыдан жарқырауды мұрат тұтып өскен ол ертелі-кеш «отандық балеттің көркемдік деңгейін көтеру» деген ойдың төңірегінде ғана толғанады. Балеттің жастар өнері екенін ескеріп, оларға дем беріп, кәсіби шеберлігін арттырып, тоқтаусыз алға жылжу керек. Бұдан өзге мұраттың асыл болуы мүмкін емес.
Источник: Egemen Qazaqstan